Сыбайлас жемқорлыққа жол бермеу - ортақ міндет
СЫБАЙЛАС ЖЕМҚОРЛЫҚҚА ЖОЛ БЕРМЕУ – ОРТАҚ МІНДЕТ
Сыбайлас жемқорлық – қазіргі уақыттағы қоғам болып күресуді міндеттейтін ең басты жағымсыз үрдістердің біріне айналды десек артық айтқандық емес.
Сондықтан, сыбайлас жемқорлыққа қарсы, оның қоғамның барлық салаларындағы жолын кесу жөнінде мемлекетіміз тарапынан кешенді түрде жүйелі жұмыстар атқарылып жатыр.
Жақында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері жөніндегі кеңеске қатысып, осы мәселеге байланысты мәлімдеме жасады. Президент өз сөзінде еліміздегі сыбайлас жемқорлық мәселелеріне егжей-тегжейлі тоқталып, орын алып отырған жемқорлыққа қатысты жайттарды бүкпесіз ашық айтты. «Баршаңызға мәлім, сыбайлас жемқорлықпен ымырасыз күресу – біздің саясатымыздағы негізгі басымдықтың бірі», – деп сөзін бастаған мемлекет басшысы заң үстемдігі орнаған нағыз құқықтық мемлекетті құру үшін сыбайлас жемқорлықтың тамырына балта шабуымыз керек деп кесіп айтты.
Мен білім саласының қызметкері әрі мектеп директоры ретінде, Президенттің білім саласындағы жемқорлық жағдайларының бар екені жөнінде айтқандарына тоқталғым келеді. Қасым-Жомарт Кемелұлы «Академиялық адалдық қағидатын берік ұстанатын жоғары оқу орындарының қатары, өкінішке қарай, өте аз. Соның кесірінен студенттер емтихан тапсыру үшін тапжылмай оқудың қажеті шамалы деп ойлайтыны жасырын емес», – деді. Бұл орайда, менің азаматтық принциптерім де Президенттің мәлімдемесімен толықтай сәйкес келеді. Әрине, қай салада болмасын сыбайлас жемқорлыққа жол беруге болмайды. Дегенмен, білімді ұрпақ еліміздің болашағы екенін ескерсек, білім саласындағы сыбайлас жемқорлыққа мүлде төзуге болмайды. Мектеп табалдырығында болсын, университет қабырғасында болсын, сыбайлас жемқорлық – сапасыз ұрпақтың тәрбиеленуіне негіз болады. Білім сапасының мемлекеттік деңгейде төмендеуіне алып келеді. Солардың ішінде, ең өкініштісі, демократиялық-құқықтық мемлекетімізде азаматтардың конституциялық құқықтарының бұзылуына әкеп соғады.
Қасым-Жомарт Кемелұлы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-әрекетті өз баяндамасында жеті бағытқа бөліп көрсетті. Онда кәсіпкерлердің және қоғамның сыбайлас жемқорлық туралы талап-тілектері бойынша жүйелі жұмыс жүргізу, мемлекет реттейтін бағаларды белгілеу кезіндегі жемқорлықты жою, мемлекеттік сатып алу, мемлекеттік-жекеменшік әріптестік саласында сыбайлас жемқорлыққа қатысты бақылауды күшейту, салық және кеден саласындағы жемқорлықты жою, азаматтар арасында ақпараттық түсіндіру жұмысын күшейту, мемлекет аппаратына жобалық бақылау принциптерін енгізу жөнінде нақты тапсырмалар қамтылды.
Мемлекет басшысының тапсырмаларының орындалуы – мемлекетіміздегі сыбайлас жемқорлықты жоюдың басты негізі деп санаймын. Ол үшін біз қоғам болып, бір мақсат аясында – сыбайлас жемқорлыққа жол бермеу жолында күш біріктіруіміз қажет.