24
ноябрь
2023
«Әжем үйреткен...»
«Даналық мектебі»
«Әжелер мектебі»
№48 жалпы орта білім беретін мектебінде бастауыш сынып қыздарымен «Әжем үйреткен...» тақырыбында «Әжелер» клубының мүшелерімен шеберлік сынып өтті. Мақсаты: қыз бала тәрбиесін халқымыздың ежелгі озық дәстүрлері негізінде жүргізу; қазақ халқының әдет-ғұрпы мен салт-дәстүрлері туралы кең көлемді мағлұмат беру; ұлттық құндылықтарды саналарына сіңіру; жүнді түтіп, жіп иіріп, тоқу өнерімен таныстыру.
Қонаққа Шалқар Турамбетова, Сағынай Бекмағанбетова, Индира Даулетбаева, Хайрниса Исатай, Газира Қанапиева әжейлер келді. Сағынай әжеміз қыздарға жүн түту өнерімен таныстырды. Төрт түлік малдың жүні қазақ халқының өмір тіршілігінде үлкен рөл атқарған және оны ұқсатуды халық бұдан мыңдаған жылдар бұрын білген. Жүннен бау-шу, арқан-жіп, киім-кешек, қазақ үйдің киізін, әр түрлі төсеніштер мен қап, шекпен сияқты ең қажетті мүліктер жасалғандығын айта кетіп, жүнді түтіп көрсетті. Рәзия әжей болса, ұршықпен жіп иіруді көрсетті. Жіпті ұршықпен иіру - түтілген жүнді ұзынынан созып, спиральді тәсілмен орап ұзын, мықты тоқыма жіп алу тәсілі. Қыздарға ұршықпен жіп иіру үрдісі қызықты болып көрінді, сонан кейін әрқайсысы ұршықпен жіпті иіріп көріп, риза болды. Сондай-ақ әр үйдің көркі құрақ көрпелер екені бәрімізге аян, оның ішінде өз қолыңмен құрақ құраған әрі ыстық, әрі бағалы болып келеді. Қыздар әжелерімен бірлесіп, кішірек құрақтарды да құрады. Осындай шеберлік сыныптардан кейін қазақы дастарханда отырып, қыз тәрбиесіне байланысты әңгіме өрбіді.
Немерелеріне сырға толы әңгіме шертетін, ертегі айтатын «Өз балам өскенше, немерем өлгенше» дейтін асыл қазына әжелеріміз аман болсын дейміз!