Тыныстанова Гүлбахира Мысыкбаевна
Жамбыл облысы Меркі ауданы №48 жалпы орта білім беретін мектебі
орыс тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі
Тыныстанова Гүлбахира Мысыкбаевна
Тыныстанова Гүлбахира Мысыкбаевна - шығармашылықпен жұмыс істейтін, өз пәнін жетік меңгерген шебер ұстаз. Тыныстанова Г. М. 1966 жылы 7 қаңтарда Жамбыл облысы Тұрар Рысқұлов ауданы Қорағаты ауылында дүниеге келген. Гүлбахира Мысыкбаевна 1987 жылы Украина мемлекетіндегі И.Франко атындағы Житомир мемлекеттік педагогикалық университетін бітіргеннен кейін Жамбыл облысы Сарысу ауданына жолдама алды. 1988 жылы семья жағдайына байланысты өзінің еңбек жолын Меркі ауданында жалғастырды. Міне 30 жылдан аса өмірін шәкірт тәрбиелеуге арнап болашақ ұрпақты білім нәрімен сусындатып, тәлім-тәрбие беруден жалыққан емес.
Қазіргі таңда Гүлбахира Мысыкбаевна Жамбыл облысы Меркі ауданының №48 жалпы орта білім беретін мектебінде орыс тілі мен әдебиетінің мұғалімі болып қызмет атқарады.
Ұстаз үйретуші ғана емес, үйренуші де. Мұғалім өзін-өзі дамытып, бала оқытып, шәкірт тәрбиелеуде көп ізденуі қажет. Осы жолда Гүлбахира Мысыкбаевна көп ізденді. Осы жылдарда өз пәнінен оқушылардың сабаққа деген қызығушылығы мен белсенділігін арттыруда, оқу мен оқытудың сапасын көтеруде тынбай еңбектенуді басты мақсат етіп ұстанды. Ол «Өрлеу «БАҰО» АҚ Жамбыл облысы бойынша педагогикалық қыметкерлердің біліктілігін арттыру институтында, Педагогикалық шеберлік орталығының Тараз қ.филиалында өз кәсіби шеберлігін көтеріп жүр.
Тынымсыз еңбегінің арқасында педагогикалық жұмысының нәтижесі тұрақты: үлгерімі 100%, білім сапасы 75 - 80%. Тыныстанова Гүлбахира Мысыкбаевна аудандық, облыстық семинарларда да өзінің білімі мен біліктілігін танытып, республика және облыс педагогтерімен өз тәжірибесін бөлісіп отырады. Атап айтсақ, 2017 жылы облыстық орыс тілі мен әдебиеті пәні мұғалімдеріне арналған «Орыс тілі мен әдебиеті пәнін оқытудағы критериалды бағалаудың теориасы мен практикасы» тақырыбындағы семинар–практикумында шеберлік сынып көрсетті.
2018 жылы «Өрлеу «БАҰО» АҚ - «Шығармашылық сатысымен – шеберлік шыңына» тақырыбындағы облыстық онлайн фестиваліне қатысып, бағдарлама идеясын шығармашылықпен ұсына алғаны үшін алғыс жарияланды.
Ұрпақ тәрбиесі – қиындығы мен қызығы қатар жүретін ұлы іс. Кез келген қиындыққа шыдай білген адам сол еңбегінің жемісін көреді. Ол үшін ұстаз бойында ұстамдылық, дарындылық, байсалдылық, ізденімпаздық сияқты алуан түрлі қасиеттер болуы маңызды. Бұл қасиеттердің бәрі бір бойынан табылатын Гүлбахира Мысыкбаевнаның жетістігі де аз емес. Атап айтсақ, 2018, 2020 жылдарда мұғалімге арналған «КИО» республикалық қашықтық олимпиадасында орыс тілі пәнінен ІІІ және ІІ дәрежелі, «ПедСтарт» Республикалық қашықтық олимпиадасында орыс әдебиеті пәнінен І және ІІІ дәрежелі дипломдармен марапатталды. 2018 жылы «Жаңашыл ұстаз» Республикалық ғылыми-әдістемелік журналында «Путешествие в мир языка» тақырыбындағы сабағы басылымға шығып, білім беру саласында озат педагогикалық тәжирибесімен бөліскені үшін мақтау грамотасын иеленді. Тәрбиелеген шәкірттері де мерейін үстем қылып, әртүрлі олимпиадаларда, байқауларда, конкурстарда үлкен жетістіктерге жетіп жүр. 2021жылы Облыстық білім беру саласын дамытуға қосқан елеулі үлесі мен аймақтың қоғамдық-саяси өміріне белсенді араласқаны үшін Наурыз мемлекеттік мерекесіне орай Құрмет грамотасымен марапатталды.
Гүлбахира Мысыкбаевна - екі қыз, екі ұл тәрбиелеп жеткізген аяулы ана. Үлкен қызы Жәния – анасының жолын қуған ұстаз болса, кіші қызы Жанар - банк қызметкері. Үлкен ұлы Мағжан ҚР ҰҚК Шекара қызметі саласында қызмет етуде, кенжесі Мұхамеджан - колледж білімгері. Гүлбахира Мысыкбаевна – 33 жыл үздіксіз қызмет етіп, мектептен қол үзбеген сүйікті ұстаз, аяулы ана, әзірге төрт немере сүйіп отырған ардақты әже.