«Мектептерге арналған PISA» тақырыбындағы дөңгелек үстелдің өткізілуі
2025 жылдың 10 қазан күні мектептің 9–10 сынып оқушыларымен «Мектептерге арналған PISA» тақырыбында дөңгелек үстел өткізілді. Іс-шараға мектеп директорының міндетін атқарушы Б. Ахметбеков қатысып, дөңгелек үстелді директордың ғылыми ісі жөніндегі орынбасары К. Айдарбекова ұйымдастырды. Дөңгелек үстел барысында оқушыларға PISA халықаралық зерттеуінің мақсаты мен маңызы туралы жан-жақты түсінік берілді. Қатысушыларға PISA-ның білім алушылардың тек академиялық білімдерін емес, өмірлік жағдаяттарда білімді қолдану қабілетін бағалайтыны, зерттеудің халықаралық деңгейде елдердің білім сапасын салыстыруға мүмкіндік беретіні айтылды. Сонымен бірге, неге зерттеуге 15 жастағы оқушылар қатысатыны түсіндірілді: бұл жас – негізгі оқу кезеңінің аяқталуына жақын уақыт, оқушылардың функционалдық сауаттылығы қалыптасатын кезең, сондықтан халықаралық зерттеулер осы жастағы білім алушылармен жүргізілетіні атап өтілді.
Қатысушыларға PISA тапсырмаларының ерекшеліктері таныстырылды: тапсырмалар күнделікті өмірге жақын жағдаяттарға негізделетіні, бір дұрыс жауаптан гөрі логикалық ойлау, талдау, шешім қабылдау, мәтінді түсіну, ақпаратты салыстыру және интерпретациялау дағдыларын бағалайтыны түсіндірілді. Іс-шара соңында мектепте PISA-ға дайындық ретінде қосымша сабақтар кестесі бекітілгені, 9–10 сынып оқушыларының бұл сабақтарға тұрақты, толық қатысуының маңыздылығы ерекше атап өтілді. Дайындық жұмыстары зерттеуге қатысушылардың функционалдық оқу, математикалық және жаратылыстану сауаттылықтарын дамытуға бағытталатыны айтылды.
Дөңгелек үстел жоспарланған деңгейде өткізіліп, оқушылар PISA зерттеуі туралы толық әрі мазмұнды ақпарат алды.


